Ақтау қаласындағы №23 мектептің мұғалімдері беттерінде «көгерген», тұншықтыру іздері мен «кесілген» жарақат белгілері бар күйде шықты. Бұл туралы Педагог-KZ ақпарат порталы Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Оқушылар ұстаздарын мұндай кейіпте алғаш рет көрген. Алайда бұл шынайы зорлық-зомбылық емес, тұрмыстық және цифрлық зорлық мәселесіне назар аудартуға бағытталған арнайы көркемдік тәсіл болған.
Бастамашы топтың түсіндіруінше, бейнеролик әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған халықаралық акция аясында түсірілген.
Маңғыстау облыстық білім басқармасында Lada.kz тілшісіне хабарлағандай, бұл бейнеролик Ақтау қалалық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы филиалының өтініші бойынша «Зорлық-зомбылықсыз 10 күн» акциясы аясында дайындалған. Аталған кезеңде қаладағы барлық мектептерде осындай алдын алу шаралары өткізілген.
№23 мектеп ұжымы зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару үшін дәл осындай әсерлі әрі эмоциялық визуалды тәсілді таңдаған.
Мамандардың айтуынша, зорлықтың алдын алу ерте жастан басталуы тиіс. Балалармен ашық әңгіме жүргізу, мәселені жасырмай талқылау, бір-біріне құрметпен қарауды қалыптастыру — қайғылы жағдайлардың алдын алуда маңызды қадамдар.