Сайт бойынша іздеу

Атырауда мұғалімнің соққысынан кейін 6-сынып оқушысы ауруханаға жеткізілді

Бөлісу:
4XFvTfAPkM.jpg

Зейнолла Қабдолов атындағы №40 орта мектепте мұғалім сабақ үстінде оқушыны ұрған деп хабарлайды Педагог-KZ аzh.kz cілтеме жасап. 

Оқиғадан кейін баланы дәрігерлер тексерген.  Оқушының анасы Айгерім Болатқалидің айтуынша, оның ұлы – 6 «Д» сынып оқушысы Айбат Әли – құлағының ауырғанын айтып, кезекші мұғалім Асет Ануарбекұлының шапалақпен ұрғанын жеткізген. Анасының сөзінше, педагог бақылау жұмысы кезінде сыныпқа кіріп, партада көршісіне бұрылған баланы ұрып жіберген.

– Ұлымның құлағы қызарып, бірнеше сағат бойы ауырды. Мұғалім кейін «аздап шапалақтадым, өйткені тыныш отырмады» деді, – дейді Айгерім Болатқали.

Дәрігерлер баланың денесінен көгерген із (жарақат) анықтады. Ата-анасы полицияға жүгініп, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, қатыгездікпен қарау белгілерімен») бойынша арыз берген.

– Мұғалімнің өзі ірі денелі адам, ал бала қорқып қалып, шапалақтан кейін басын бұра алмай қалған. Егер педагог өзін ұстай алмаса, оған психологтың көмегі қажет, – дейді Айгерім Болатқали.

Оқиғаға байланысты қалалық білім бөлімінің түсініктемесі күтілуде.