Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздар мен оқушыларды және ата- аналарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады,-деп хабарлайды Педагог-KZ.
Жұлдыз Сүлейменова мерекелік құттықтау министрліктің әлеуметтік желідегі ресми ресурстарында жарияланды.
Құттықтауында министр 2025 жылдың отандық білім беру жүйесі үшін маңызды жетістіктерге толы болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан педагог еңбегіне құрмет көрсететін елдер қатарында әлем бойынша екінші орынға ие болып отыр.
«Биыл еліміз үшін білім саласында маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Халықаралық білім сайыстарына қатысқан әрбір екінші оқушымыз жүлдегер атанды», – деді министр.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Халықаралық стандарттарға сай салынған жаңа мектептердің басым бөлігі ауылдық жерлерде бой көтерген.
«217 жаңа мектептің 84-і ауылдық елді мекендерде салынды, 820 ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті. Бұл – Мемлекет басшысының жас ұрпаққа деген қамқорлығының нақты көрінісі», – деп атап өтті ол.
Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары адам капиталын дамытуға берік негіз қалыптастыратынын жеткізді.
Құттықтау соңында министр ізгі тілегін арнады.
«Жылқы жылы әр отбасына амандық, бақ-береке, табыс пен жаңа мүмкіндіктер әкелсін. Жаңа жыл құтты болсын!» – деді Жұлдыз Сүлейменова.