Сайт бойынша іздеу

Колледж педагогтарына да магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төленуі мүмкін

Бөлісу:
o2YiB2bClG.png
Фото: ИИ

Қазақстанда магистр дәрежесі үшін қосымша ақы алатын педагогтар санатын кеңейту мәселесі мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Атап айтқанда, бұл норма техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының педагогтері мен мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлеріне қатысты қарастырылуда, деп хабарлайды Педагог-KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің бірінші вице-министрі Айгүл Мелдебекова Сарыкөл ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Любовь Виноградованың сауалына берген жауабында айтқан. 

Қазіргі уақытта ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 АЕК көлеміндегі қосымша ақы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне, сондай-ақ әдістемелік кабинеттер мен орталықтардың педагогтеріне қарастырылған.

Министрлік жауабында, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтеріне мұндай қосымша ақы белгілеу мәселесі бұған дейін «Техникалық және кәсіптік білім беру, халықтың көші-қоны жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында қарастырылған.

Алайда әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға бюджет қаражатын бөлуге енгізілген мораторийге байланысты бұл бастама қолдау таппаған.

Дегенмен, Мемлекет басшысының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде колледж педагогтерінің мәртебесін аталған қосымша ақы мәселесінде мектеп мұғалімдерінің мәртебесімен теңестіруге мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер қарастырылып жатыр.

Ал мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлеріне қатысты министрлік мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарының еңбекақы жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.

Министрлік мәліметінше, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы нормасын осы санатқа тарату мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің мәртебесін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі болып саналады. Алайда оны енгізу мерзімі Қаржы министрлігімен келісу нәтижесіне байланысты болады - делінген жауапта.