Әлеуметтік желілерде Қазақстан мектептерінде БЖБ, ТЖБ-ны алып тастау мүмкіндігі туралы ақпарат кеңінен таралуда. Алайда Оқу-ағарту министрлігі бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Informburo ақпаратына сәйкес, министрлік алдағы оқу жылында бағалау жүйесіне ешқандай өзгеріс енгізілмейтінін нақтылаған. Ведомство өкілдері қолданыстағы бағалау форматы объективтілік пен әділдік қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
«Биылғы оқу жылында БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Сонымен қатар министрлік білім беру үдерістерінің тиімділігіне, оның ішінде бағалау рәсімдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады және қажет болған жағдайда оларды жетілдіру мәселесін қарастырады. БЖБ мен ТЖБ өткізу форматын қайта қарау үшін білім беру саласының сарапшыларынан құралған жұмыс тобы құрылды», – делінген ресми жауапта.
Талқылау нәтижесінде мамандар форматты жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ ведомство мектептерде білімді бағалаудың түрлі тәсілдері – жазбаша жұмыстар, жобалар, ауызша жауаптар қолданылып жатқанын атап өтті. Қолданыстағы жүйеге балама ретінде тек ауызша емтихан форматына толық көшу жоспарланбайды.
Бұдан бөлек, ата-аналарға балаларының жазбаша жұмыстарымен танысу құқығы бар екені еске салынды. Ол үшін пән мұғаліміне жүгіну қажет.