Сайт бойынша іздеу

Министр жекеменшік мектептерді қаржыландырудағы кідірістің себебін түсіндірді

Бөлісу:
Fxdac0qV3m.jpeg

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс кулуарында жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Педагог-KZ. 

Министр 2025 жылға дейін жекеменшік мектептер республикалық бюджет есебінен қаржыландырылғанын жеткізді. 

- Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді әрбір оқушыға қаржыландыру қарастырылған. Бұл қаражат жергілікті атқарушы органдарға бекітілді. Сондықтан қосарланған қаржыландыруға жол бермеу мақсатында, 2025 жылдан бастап қаржыландыруды жергілікті деңгейде жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Маусым айында Қаржы орталығы өтінім қабылдауды ашуы тиіс еді, ал жекеменшік мектептер тиісті құжаттарды толтыруы қажет болатын. Кейін өтінімдер 60 күн ішінде қаралуы тиіс еді. Алайда маусымда қабылдау ашылмады, ал жаңа оқу жылы басталып кетті. Мен 29 қыркүйекте министр қызметіне кіріскен кезде, жекеменшік мектептердің өкілдері бізге жүгінді. Бұл мәселе Премьер-Министр деңгейінде көтерілді, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 745 жекеменшік мектеп қаржыландырылған.

- Биыл олардың саны 917-ге жетті, яғни 100-ден астам жаңа мектеп жекеменшік ретінде тіркелді. Біз барлық қажетті сомаларды егжей-тегжейлі есептеп шықтық. Олардың ішінде жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатындарын да талқыладық. Жақын уақытта тиісті пилоттық бұйрық шығады, қол қойылғаннан кейін қаражат аударылады. Бұл пилоттық жоба болғандықтан, жауапкершілікті әкімдіктер деңгейінде де бекіткіміз келеді. Қазір әкімдіктер де қажетті құжаттарға қол қою үстінде. Жалпы, мемлекет өз міндеттемелерін толық орындайды, -  деді министр.

Министр сондай-ақ жекеменшік мектептердің өздерінен де бірқатар заңбұзушылықтар анықталғанын айтты.

- Кейбір жекеменшік мектептер зейнетақы қорына немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар аудармаған. Мемлекет өз міндеттемелерін орындап отыр, бірақ жекеменшік мектептер де өз мұғалімдеріне қатысты еңбек заңнамасын сақтауы тиіс, = деді Жұлдыз Сүлейменова.