Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Білім күнін» өткізу форматына қатысты ұсыным жариялады. Оның ішінде 1 қыркүйек күні оқушылардың, ата-аналардың және педагогтардың қатысуымен «Мектебім – мейірім мекені» атауымен республикалық интервью-челленджін өткізу ұсынылған, — деп хабарлайды Педагог-KZ Алтынсарин академиясына сілтеме жасап.
Білім күніне ұсынылатын ортақ тақырып — «Мектебім – мейірім мекені!».
Ұсыныста мемлекеттік туды көтеру және гимнді орындау ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдалану ережесіне сәйкес жүргізіледі, - делінген.
Салтанатты іс-шараға бірінші сынып білім алушыларының ата-аналарының/заңды өкілдерінің қатысуының маңыздылығына назар аудару қажет, делінген ұсынымда.
Сондай-ақ, 1 қыркүйек күні білім алушылардың, олардың ата-аналарының және педагогтердің қатысуымен ұзақтығы 1-2 минут болатын «Мектебім – мейірім мекені» республикалық интервью-челленджін (қысқа сұхбат) өткізу ұсынылған.
Челленджтің тақырыбы:
• 2-4-сынып білім алушылары: «Жазғы демалыстың жарқын естеліктері»
• 5-8-сынып білім алушылары: «Жаз – жаңа тәжірибе уақыты»
• 9-11-сынып білім алушылары: «Арманым мен мақсатым»
Академия жариялаған нұсқаулықта бейнероликтерді 1 қыркүйек күні 17.00 – 21.00 аралығында #Bilim_quni, #Mektebim_meirim_mekeni хештегтерін пайдалану арқылы жариялау ұсынылған.