Сайт бойынша іздеу

Мәжіліс депутаты Roblox ойынының балаларға әсерін тексеруді сұрады

Бөлісу:
XDpNR40k0o.jpg
Фото: ЖИ

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Үкіметке Roblox онлайн ойын платформасының балалар мен жасөспірімдерге тигізетін салдарына қатысты депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Педагог-KZ.

Депутаттың айтуынша, Roblox – ты әлем бойынша күніне 150 миллионға жуық адам қолданады және олардың басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар.

Сауалда ата-аналар, педагогтер мен халықаралық сарапшылар Roblox платформасының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдіріп отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентке қолжетімділік мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар депутат ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, оның ішінде алаяқтар мен педофилдердің белсенді әрекет ететіні туралы деректерге назар аударды. Сауалда олардың балалардың сеніміне кіріп, мессенджерлер арқылы алдап, қаржылық немесе өзге де зиян келтіретін жағдайлар кездесетіні айтылды.

Үнзила Шапақ «Баланың құқықтары туралы» ҚР Заңына сәйкес, мемлекеттің баланы денсаулығына, рухани және моральдық дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға міндетті екенін еске салды. Сондай-ақ Түркия, Қатар, Ресей, Қытай, Иран және өзге де елдерде Roblox платформасына шектеу қойылғаны мысалға келтірілді.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты сұрақтар жолдады. Атап айтқанда, Қазақстанда Roblox платформасының балалар мен жасөспірімдерге тигізетін психологиялық және әлеуметтік әсеріне қатысты арнайы зерттеулердің жүргізілген-жүргізілмегенін, платформаның қызметін шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу мәселесінің қарастырылып жатқанын, сондай-ақ балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай алдын алу шаралары қабылданып отырғанын сұрады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарында онлайн ойын платформалары арқылы жасалатын алаяқтық пен бопсалау фактілерінің тіркелуі туралы ақпарат беруді талап етті.