Сайт бойынша іздеу

Мектеп интернеті нашар, педагогтар өз ақшасына роутор қосуға мәжбүр болған

Бөлісу:
f16F0P2mJ1.jpg

СҚО-да «Педагог мәртебесі туралы» Заңның талаптарына қайшы болса да орта мектеп мұғалімдері роуторды өз қаражаты есебінен төлеген, өйткені интернет жылдамдығы құжаттағыдан төмен болып шыққан,- деп хабарлайды Педагог-KZ

СҚО прокуратурасы аймақта цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуын анықтаған.

Атап айтқанда, Айыртау, Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов және Ғ. Мүсірепов пен Шалқын аудандарының білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары Бюджет кодексінің талаптарын және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзып, мектептерге интернет тарту бойынша 360 млн теңгеден астам сомаға шарттар жасасқан.

Алайда көрсетілген қызметтер, яғни тартылған интернет техникалық ерекшеліктерде көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмейтін болып шыққан.

Мысалы Ақжар ауданында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның талаптарына қайшы, Горький орта мектебінің мұғалімдері роуторды өз қаражаты есебінен төлеген, өйткені берілген интернет төмен жылдамдыққа байланысты параметрлерге сәйкес келмеді, — делінген прокуратура хабарламасында.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған, қызметтер құнын төмендету туралы қосымша келісімдер жасалып, 75,8 млн теңге сомасына негізсіз шығыстарының алды алынған.