Бүгін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі Жайық Серікқалиұлы Шарабасов «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұжымына жаңа басқарма төрағасы Алматов Ғалымжан Бауыржанұлын таныстырды, деп хабарлайды Педагог-KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ғалымжан Бауыржанұлы – білім беру саласында тәжірибесі мол білікті басшы. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін және Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы математика пәнінің мұғалімі ретінде бастап, әр жылдары мұғалім, ұйымдастырушы, директордың орынбасары және мектеп директоры қызметтерін атқарған.
2021 жылы Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы қызметін атқарып, сол жылдың 7 қазанынан бастап Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы болды.
Жаңа басшыны таныстыру барысында вице-министр орталықтың алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталып, педагогтердің кәсіби дамуын жүйелі қолдау, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді.