Бұл туралы БАҚ-қа берген сұхбатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
«Сағат бөлудің қазіргі жүйесі кеңестік кезеңнен қалды дегенмен келіспеймін. 2019 жылы Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Осы заң аясында педагогтердің апталық жүктемесі он алты сағатқа төмендетілді. Бұған дейін апталық жүктеме екі есе көп болатын. Өз тәжірибемде мен қырық екі сағатқа дейін жұмыс істегенмін», – деді министр.
Дегенмен, бұл мәселені реттеу үшін цифрландыру жұмысы басталмақ. Осылайша сағаттар қазіргідей мұғалімдердің директорға жақындығына емес, бала саны мен сынып-комплектке байланысты бөлінетін болады.
«Қазір біз Еңбек министрлігімен бірлесіп осы сағат санын цифрландыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сағаттар оқушылар санына, класс-комплектке байланысты бөлінеді. Егер бұл мәліметтер цифрландырылып, ашық түрде қолжетімді болса, онда қаржылық бұзушылықтар болмас еді», – деді Ж.Сүлейменова.