Сайт бойынша іздеу

Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынды

Бөлісу:
x6hcOmtFLl.jpeg

Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, бұл бағытта заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Педагог-KZ. 

 

 

Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ, кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін мұғалімді жазалау орынсыз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектептен тыс, ата-аналардың жауапсыздығынан болған оқиғаларға ұстаз жауап бермеуі керек.

Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Ол мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру екенін айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Маңғыстауда балалардың сапасыз тамақтан улану жағдайына тоқталды. Осы оқиғадан кейін мектептегі тамақ сапасын қадағалау жұмысын Денсаулық сақтау министрлігі өз міндетіне алғанын және бұл дұрыс шешім болғанын жеткізді.

Жалпы, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық мәні бар сала. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдар білім саласындағы мәселелерден сырт қалмауы керек. Түптеп келгенде, балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.