Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен жылы сынып жетекшілерінің айлығына қосылатын үстемеақы үш есе көбейетінін айтқан еді. Дегенмен, бұл бастаманың қашан жүзеге асатыны белгісіз, биылғы оқу жылында қосылмайды деп хабарлайды «Педагог-KZ» tizgin.kz сайтына сілтеме жасап.
Агенттің министрлікке бірнеше рет айтылған бастаманың іс жүзінде қалай орындалып жатқаны туралы сауал жолдаған. Сауалға министрлік былай жауап берген:
«Бюджет кодексінің 73-бабына сәйкес, мемлекеттік бюджеттен шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын республикалық бюджет комиссиясымен қаралады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеуді жетілдіру шеңберінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп зерттеулер жүргізіп, еңбекақы төлеудің жаңа моделін әзірледі. Осылайша, педагогтерге еңбекақы төлеуді одан әрі арттыру, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін әзірлеу шеңберінде кешенді түрде қаралады», — делінген жауапта.
Демек, жауаптан түсінгеніміз, 2025-2026 жылғы оқу жылында сынып жетекшілеріне уәде етілген үш есе үстемеақы қосылмайды. Бюджетті талқылайтын республикалық комиссия отырысы қашан өтетіні белгісіз, — деп жазды tizgin.kz сайты.
Айта кету керек, министр бұған дейін сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақы төленген күннің өзінде бәріне бірдей емес, сапалы жұмыс істеген ұстаздарға ғана өсетінін айтқан еді.