Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде білім жүйесіне баса мән беруді маңызды мәселе ретінде атады және Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырды,- деп хабарлайды Педагог-KZ.
– Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет. Сондықтан экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттердің белсене қатысқаны жөн. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырамын. Білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамаларды қолға алу қажет. Сондай-ақ оқушылар мен студенттердің экология мәселесіне арналған ғылыми ізденістеріне жан-жақты қолдау көрсету керек. «Таза Қазақстан» халқымызды жаңа сапалық деңгейге көтеретін ұлттық идея болуға тиіс. Оны қоғамда терең орнықтыру үшін мәдениет саласының, әсіресе, креативті индустрияның әлеуетін барынша пайдаланған жөн. Еңбекқорлық, ұқыптылық, адалдық, жасампаздық құндылықтары фильмдер, сериалдар арқылы да насихатталуға тиіс. Бұл жұмыста бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің де мүмкіндігін дұрыс қолдану керек, – деді Мемлекет басшысы.