Педагогтардың білімін бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62 %-ы шекті деңгейден өтпеген. Төмен көрсеткіштер Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында айқын байқалады, деп хабарлайды Педагог-KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрінің төрағалығымен облыстық білім басқармалары басшыларының қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынның күн тәртібінде өңірлердегі оқушылардың білім сапасын көтеру жайы және инклюзивті білім беру мәселелерін шешу жайы қаралды.
Министр өңірлер арасындағы алшақтықты атап өтіп, кейбір облыстардың артта қалуына сынға алды.
«Өкінішке орай, арамызда білім сапасын оқушының терең білімімен емес, атқарылған жобалардың санымен өлшейтін менеджерлер әлі де бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, шәкірттің шынайы жетістігі мен білім деңгейінің өсуі қажет. Сол себепті, өңірлерде қалыптасқан жағдайды бүкпесіз айтып, оны шешудің жолдарын бірге іздестіруден ғана нәтиже болады», – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Министрлік ақпаратына сай елімізде нақты ғылымдар бойынша педагогтердің жетіспеушілігі де оқуға айтарлықтай кедергі келтіруде. Педагогтердің едәуір бөлігі кәсіби бағалау шегінен өте алмауда, ал әдістемелік қызмет сапасы өңірлер бөлінісінде біркелкі емес. Педагогтердің білімін бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62 %-ы шекті деңгейден өтпеген. Төмен көрсеткіштер Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында айқын байқалады.