Сайт бойынша іздеу

700-ден астам қате анықталды: Қазақстанда мектеп оқулықтары кезең-кезеңімен жаңартылады

Бөлісу:
t7Tdpmzegh.jpeg
Фото: Педагог-KZ

Қазақстанда мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр орынбасары Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Педагог-KZ. 

Оның айтуынша, соңғы күндері мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңартуға қатысты жағдайды түсіндіруді сұрап, баспалар мен азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде. Қазіргі уақытта түрлі сипаттағы 700-ден астам ескерту мен қателік анықталған.

Олардың қатарында техникалық және стилистикалық кемшіліктер, фактілік қателер, мазмұны дұрыс берілмеген иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларына сәйкес келмеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар.

Аида Балаеваның атап өтуінше, ұлттық мазмұнға тиісті түрде бейімделмей алынған материалдар, математикалық анықтамалар мен есептердің шешімдеріндегі қателіктер, оқу бағдарламаларында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.

Вице-премьер қолданыстағы оқулықтардың бір бөлігі белгіленген мерзімнен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы жаңартылмағанын айтты. Кейбір басылымдар мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілместен тоғыз жылға дейін пайдаланылып келеді.

«Мектеп оқулықтарының сапасы – жекелеген баспалардың мәселесі емес, бұл – елдегі білім сапасының, демек, балаларымыздың болашағының мәселесі. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, оның сөзінше, бұл бұрын аталған оқулықтарды мақұлдаған Пәндік сараптама комиссиясы шешімдерінің күші жойылады деген сөз емес. Негізгі міндет – нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы. 

Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына сәйкес, оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылғы 30 тамызға дейін мектептерге 3 және 7-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар жеткізілуі тиіс. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптардың, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сыныптардың оқулықтары жаңартылады.

Айда Балаева атап өткендей, атқарылып жатқан жұмыстың мақсаты – Қазақстандағы барлық мектептерді заманауи, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету.